Әділет департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын жариялады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласы әділет департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың 6 айымен салыстырғанда биыл жарты жылда туу деңгейі 4,08%-ға өсіп, 25 718 туу актісі тіркелген. Өлім көрсеткіші керісінше 10,2%-ға төмендеген.

Некеге тұру 3,8%-ға сәл азайған: 2025 жылы – 9 274 неке, 2024 жылы – 9 627 неке. Ажырасқандардың саны айтарлықтай өсіп, 41,6%-ға көбейген. Барлығы 2 384 ажырасу актісі тіркелді.

Сонымен қатар әділет департаменті алимент төлеуден қашқандардың саны да едәуір өскенін мәлімдеді.

– Биыл 209 борышкер жауапқа тартылды, өткен жылы олардың саны 61 болған. Алимент бойынша берешегі бар борышкерлерге қатысты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша шығуға шектеу қою туралы 4 910 қаулы шығарылған. Алты ай ішінде жеке сот орындаушылары алимент алушылардың пайдасына 600 миллион теңгеден астам қаражат өндірді, — деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ қарызды өтеу үшін алимент бойынша борышкерлерден алынған 6 автокөлік пен 11 жылжымайтын мүлік нысаны сатылды.