Жамбыл облысында 18 жастағы қыз ішінің ауруына, созылмалы жүрек айнуына және тәбеттің жоғалуына шағымданған. Дәрігерлер қызды қарап, іш қуысы ағзаларының УДЗ зерттеуінде асқазанда бөгде затқа тән белгілерді анықтаған. Қызға дереу ота жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дәрігершлер оған трихобезоар диагнозын қойған, ол гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланды. Трихобезоар — бұл трихотилломания деп аталатын психикалық бұзылысы бар адамдарда кездесетін, асқазанда жиналған шаштың тығыз массасы. Бұл дертке шалдыққандар шашты жұлып, оны жейтін әдетке ие болады. Шаш асқазанда қорытылмай, жиналып, көлемі ұлғайып, уақыт өте келе асқазан не ішектің бітелуіне, анемияға, ағзаның жалпы әлсіреуіне, ауыр жағдайларда асқазан қабырғасының тесіліп кетуіне себеп болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, сирек кездесетін бұл диагноз дер кезінде қойылып, дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында ол хирургиялық жолмен жойылды.

"Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын тығыз шаш түйіні алынды", делінген хабарламада.

Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есимов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді.

Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам іше бастаса, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.

Бұған дейін де тура осындай ота Алматыда жасалған. Ол кезде 14 жасар қыздың ішінен 1,5 келі шаш түйіндісі алынған.