Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі (Смаилова) күйеуі екеуі Черногорияда саяси босқын мәртебесін алғанын әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Смаилова) Instagram желісіндегі парақшасында күйеуі екеуі саяси босқын мәртебесін алғаны туралы ақпаратты жариялады.

"Дина мен Алмат саяси босқын мәртебесін алды. Енді олар халықаралық қорғауда. Халықаралық құқықтық мәртебе адамды қауіп төнген отанына экстрадициялаудан қорғайды", — делінген жазбада.

NUR.KZ тілшісі Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне қоғам белсендісінің мәлімдемесіне түсінік беруді сұрап сауал жолдады. Биыл сәуір айында Таңсәрі Черногориядан пана сұрағанын Бас прокуратура хабарлаған еді.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың аяғында Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Динара Смаиловаға, яғни Дина Таңсәріге қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғап, тергеліп жатқаны хабарланды. Ішкі істер министрлігі өкілдері оның ішінде екі іс алаяқтық бойынша екенін мәлім етті.

Кейін Дина Таңсәріге (Динара Смаилова) іздеу жарияланды. Ақпарат БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды.

Айта кетейік, 2025 жылы 14 сәуірде "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі ұсталып, Подгорицадағы Жоғарғы сотқа жеткізілген.

Артынша Черногорияның Жоғарғы соты Смаилованы босату туралы шешім қабылдады.

Кейін Қазақстанның Бас прокуратура өкілдері "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың (Дина Таңсәрі) Черногориядан неге экстрадицияланбағанын түсіндірді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз