Шығыс Қазақстан облысында жаппай ішек инфекциясының өршуі тіркелді. Індет ошағы Өскемен қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде өткізілген мерекелік шарадан кейін анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Басылымның хабарлауынша, 2025 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша, науқастарда өткір гастроэнтеритке тән белгілер – жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы және іш өту сияқты симптомдар байқалған. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Қазіргі уақытта санитарлық қызмет мамандары эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дайын тағамнан, ауыз судан және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынды. Науқастар мен байланыста болған тұлғалардан сауалнама алынып, зертханалық зерттеулер ұйымдастырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда, өмірге қауіп жоқ. Оларға тиісті ем-дом жасалуда, жағдайлары біртіндеп жақсарып барады. Амбулаториялық ем алып жатқан науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің бақылауында.
Індет ошағына байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз