27 шілдеден бастап Ішкі істер министрлігі "Түнгі қаладағы балалар" атты жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күні полиция бөлімшелеріне екі мыңнан астам жасөспірім жеткізілді, олардың ішінде төртеуі қылмыс жасағаны үшін, екі мыңға жуығы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін.
- 70 кәмелетке толмаған бала қараусыз және қаңғыбастық жағдайында анықталып, бейімдеу орталықтарына жеткізілді.
- 1700-ден астам бала түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүрген жерінен анықталып, ата-аналарына тапсырылды.
- 48 кәсіпкер балалардың түнгі уақытта олардың мекемесінде болуына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- 51 бала мас күйінде көшеде жүрген жерінен оқшауланды.
Бұл жағдайлардың барлығы дерлік балаларға қатысты қылмыстың орын алуына әкелуі мүмкін еді. Полиция органдары алдын ала шаралар қабылдап, мұндай оқиғаларға жол бермеді.
"Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жеке жауапты екендеріңізді еске саламыз. 220 ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дұрыс емес мінез-құлықты 116 жасөспірім және бала тәрбиесімен айналыспайтын 139 ата-ана анықталды. Жасөспірімдерден тоғыз тыйым салынған зат тәркіленді, олардың ішінде бір дана пневматикалық қару, бес пышақ және үш кастет бар. Бұл заттар тәркіленбесе, олардың қылмысқа пайдаланылу қаупі жоғары болар еді", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің қызметкері Ботакөз Жалекешова.
Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 159 интернет-сайт анықталып, оларды бұғаттау шаралары қабылданды. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 900-ден астам материал бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
"Құрметті азаматтар! Қазір жазғы демалыс уақыты. Балаларыңыздың қайда және кіммен жүргеніне ерекше көңіл бөлулеріңізді сұраймыз. Көп жағдайда ата-аналар балаларына кешке дейін серуендеуге рұқсат береді, балаға сенім білдіріп, "біздің бала ешқашан жамандыққа бармайды" деп ойлайды. Түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген бала қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Бір ғана күнде сонша пышақ пен кастеттің тәркіленуі – осы қауіптің нақты дәлелі. Сол себепті балаңыздың қайда, кіммен жүргенін біліп отырыңыз. Балаларыңызға қауіп төнген жағдайда бірден ата-анасына немесе полицияға хабарласуды үйретіңіз. Олардың телефонына "102" мобильді қосымшасын жүктеп қойыңыз. Бұл қосымшада полицияны шұғыл шақыру түймесі бар. Ішкі істер министрлігі балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық полиция қызметтерінің басты міндеті", – деді Ботакөз Жалекешова.