Қазақстан Ресей арқылы Еуропаға қайта көмір тасымалдау туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында Еуропалық одақ санкциалардың 16-пакеті аясында Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салған еді.

"Бұл шара Қазақстан көмірін Еуропа елдеріне тұрақты экспорттауға айтарлықтай қауіп болды. Себебі Ресейдің Усть-Луга порты әуелден Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізетін негізгі транзит нүктесі ретінде пайдаланылады.

Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді.

Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір Ресейлік порттарымен келісімге шектеуді алып тастады", — делінген хабарламада.

Бұл шара келесі шарттарды сақтаған кезде қолданылады:

  • көмірдің шығу тегі тек Қазақстан Республикасы болуы керек;
  • жүкке меншік құқығы санкциялық шектеу шаралары қолданылатын елдердің резиденттерінде болмауы керек;
  • порттарды тек транзит, тиеу немесе жөнелту аумағы ретінде пайдалануға болады, яғни оның аумағында тауарды сатып алу немесе өндіруге болмайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз