Семсерлесуден Грузия астанасы Тбилисиде өтіп жатқан әлем чемпионаты аяқталуға жақын. Турнир барысында жекелей сайыстар өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының үздік нәтижесі — алғашқы ондыққа кірумен шектелді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әлем біріншілігі әлі аяқталған жоқ, дегенмен кейбір құрамалар үшін бұл жарыс тарихи мәнге ие болуда. Мәселен, Грузия және Гонконг өкілдері алғаш рет әлем чемпионатының алтын жүлдесіне ие болды.
Райан Чоу рапирамен семсерлесуде жеңіске жетсе, Сандро Базадзе қылыш қаруымен айқасудан қарсылас шақ келтірмеді.
Қазіргі уақытта әлем чемпионаты аясында жекелей сындардың барлығы аяқталды. Қазақстан құрамасы барлық қару түрлері бойынша бақ сынағанымен, биыл жүлдегерлер қатарына ене алмады.
Семсер қаруымен айқасушыларға үлкен үміт артылған болатын, алайда 2023 жылғы жетістікті қайталау мүмкін болмады. Еске сала кетейік, сол жылы Руслан Курбанов Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған еді.
Биылғы додада да ол жүлдеге үміткерлердің қатарында болды. Алайда 1/8 финалда Беларусь өкілі Марк Семаненкомен өткен тартысты жекпе-жекте 13:14 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде Курбанов тоғызыншы орын алып, Қазақстан құрамасы үшін барлық қару түрлерінде ең үздік нәтиже көрсетті.
Айта кетсек, семсер қаруымен айқасушылардың арасында Вадим Шарлаимов та жақсы нәтиже көрсетті. Ол 1/16 финалға дейін жетіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері – бельгиялық Нейсер Лойоладан жеңіліп, 26-орынмен шектелді. Ерлік Сертай – 78-ші, ал Эльмир Әлімжанов 153-ші орыннан көрінді.
Семсер қаруымен айқасатын қыздар үздік нәтиже көрсете алмады. София Николайчук – 102-ші, Каролина Фомина – 115-ші, Владислава Андреева – 157-ші, ал Виктория Кайдарова – 156-шы орын алды. Дегенмен, командалық жарыста қыздарымыз 12-ші орынға тұрақтады.
Рапирамен семсерлесушілер арасында Тимофей Семенов ең үздік нәтиже көрсетіп, 74-ші орынды иеленді. Тамирлан Қалиев – 93-ші, Ғалым Нұрымов – 96-шы орынға тұрақтады.
София Актаева – 64-ші, Алёна Гноева – 75-ші, Күлжан Түсіпбекова – 107-ші, Алина Искандерова – 130-шы орынмен жарысты аяқтады.
Қылышпен айқасудан ерлер арасындағы сайыста Артём Саркисян – 44-ші, Бақдәулет Құралбекұлы – 54-ші, Жанат Нәбиев – 68-ші, ал Назарбай Саттархан – 97-ші орын алды.
Қыздар арасындағы жарыста Анастасия Гулик үздік ондыққа жақын болды, бірақ 16-орынмен шектелді. Татьяна Приходько – 49-шы, Карина Доспай – 62-ші, Әйгерім Сарыбай – 101-ші орын иеленді.
Дегенмен, Қазақстан құрамасы әлі де жүлдеге қол жеткізе алуы мүмкін. Соның бірі — семсер қаруымен айқасушылар командасы. Соңғы уақытта олар командалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, 2024 жылғы Олимпиадада алтыншы орынды иеленіп, ал жақында өткен Азия чемпионатында финалда Жапония құрамасына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Айта кетейік, өткен біріншілікте олар дәл осы жапониялықтарды жеңген еді.
Сондай-ақ, қылыш қаруымен айқасудан әйелдер командасы да жүлдеге таласады. Екі құрамамыз да әлем чемпионатындағы жарысты 1/16 кезеңінен бастайды. Бәсеке 29 шілдеде өтеді.