Спорт жарыстарына қатысу үшін белгіленген ең төменгі жас шегі туралы, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан "балаларға спортпен айналысуға тыйым салу" жөніндегі ақпараттарға қатысты түсініктеме беруді қажет деп санайды. Аталған мәлімдемелер 2025 жылғы 16 шілдеде бекітілген №133 бұйрыққа сәйкес келмейді.

Бүгінде елімізде 4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады. Жарыстар — спорттық дайындықтың бір бөлігі ретінде белгілі бір физикалық және эмоциялық жүктемелермен байланысты. Осыған орай, министрлік жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін белгіледі. Бұл, ең алдымен, балалардың денсаулығын қорғауға және ерте жаста жарақат алу қаупін азайтуға бағытталған.

Жас шектеулері спорт федерацияларының ұсынысы негізінде әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген және халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл талаптар тек жарыстарға қатысуға қатысты. Ал балаларды спорт мектептеріне, үйірмелерге және спорт резервін даярлайтын өзге де мекемелерге қабылдауға ешқандай шектеу қойылмайды.

Осылайша, "спортпен айналысуға тыйым салынды" деген хабарламалар шындыққа жанаспайды. Бұл жерде тек жарыстарға қатысуға қойылатын жас талаптары туралы айтылып отыр.

Жас ерекшеліктеріне байланысты қойылған шектеулер жөніндегі толық ақпарат жоғарыдағы кестеде көрсетілген.