Өткен демалыста қалада кішкентай екі баланың жоғалғаны туралы ақпарат кешкі уақытта түседі.

Өз үйінің ауласынан шығып кеткен 4 жасар ұл мен 1 жасар қыз шұғыл іздестірілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Анасы балаларды бір сәтке бақылаусыз қалдырып, оларды бірден таба алмаған. Жақын маңды өзі шолып іздегенімен нәтижесіз аяқталады.

Осыдан кейін полицияға хабарласып, санаулы минуттарда балалардың сыртқы келбеті мен фотосуреттері бар бағдарлама барлық бөлімшелерге таратылған.

Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қоса еріктілер қосылды. Іздестіру жұмыстары түнге дейін созылды. Түн ортасында полиция қызметкерлері балаларды үйден алыс жерден тапты.

"Балалар аман-есен табылды. Мұқият медициналық тексеруден өткеннен кейін, олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екеніне көз жеткізіп, анасына табысталды", – деп хабарлады жергілікті полиция.