Желіде Жамбыл облысындағы адам өлімімен аяқталған жол апаты түсірілген кадрлар тарады. Желі қолданушылары жол-көлік оқиғасына спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысы бар екенін айтады.
Оқиға орнында түсірілген кадрларды Instagram желісіндегі jagdaikz парақшасы жариялады.
Жазба авторларының сөзінше, жол апаты Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған.
"Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға келе жатқан. Алматы-Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып қалды — ол рульге ие бола алмай қалды.
39 жастағы әйел оқиға орнында, тағы бірі – 35 жастағы әйел ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жатқызылды, олардың жағдайы орташа ауыр", — делінген жазбада.
Полиция департаменті өкілдері Kazinform агенттігіне Мойынқұм ауданындағы адам өлімімен аяқталған жол апаты туралы ақпаратты растады.
Облыстық департамент өкілдерінің хабарлауынша, Toyota Land Cruiser 200 жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол талғамайтын көлік аударылып қалған. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді.
"Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.
Көлік арнайы тұраққа қойылды, тергеу жүріп жатыр.
Полицейлер көлікті Шавкат Рахмоновтың әйелі жүргізді деген ақпаратты растамады не жоққа да шығармады. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жеке мәліметтерін жариялаған жоқ.
Рахмоновтың командасы да әлеуметтік желідегі ақпаратқа әлі түсінік берген жоқ.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес, автомобильді, троллейбусты, трамвайды немесе өзге де механикалық көлік құралын басқаратын адамның абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе өлімге әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуына қылмыстық жаза қарастырылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз