Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, №5 қалалық емхананың базасында денсаулық сақтаудың бастапқы буыны жұмысындағы жаңа тәсілдерді тәжірибеде көрсету мақсатында БАҚ өкілдері үшін баспасөз-турын өткізді.

№49 стандарттың жаңа редакциясына сәйкес МСАК дәрігерін қабылдау ұзақтығын арттыру ұсынылды. Бұл пациенттерді мұқият тексеруге, тиімді емдеуді тағайындауға, динамикалық бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ МСАК-тың маңызды бағыттарын — аурулардың алдын алу мен ерте анықтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, емхана директоры Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, мұнда әдеттегі функцияларды орта медициналық персоналға беру қағидаты толық іске асырылған.

Мейіргерлер өз құзыреті шегінде жаңа міндеттерді қалай шешетінін айтып берді. Бұл ақпараттық жүйеге деректерді енгізу, қабылдаудың алғашқы кезеңдері, дәрі-дәрмектерді шығару болып табылады.

Мейіргерлік қабылдауды ұйымдастыру және жүргізу дәрігерлік қабылдаулардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ маманға жүгінген кезде пациенттерді зерттеу нәтижелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Процестерді оңтайландыру нәтижесінде учаскелік дәрігерді қабылдау ұзақтығы 6 сағатқа дейін ұлғайды, сәйкесінше дәрігер қабылдаған пациенттердің саны күніне 24 адамға дейін өсті, бір учаскеде қабылданған пациенттердің жалпы саны күніне 16-дан 34-ке дейін өсті.

Мысалы, пилоттық жоба емхананың жұмыс уақытында жедел жәрдем кабинетін ұйымдастыру шұғыл жағдайлармен келген пациенттердің санын 20,6%-ға дейін арттыруға мүмкіндік бергенін көрсетті. Бұл өз кезегінде 4-санаттағы жедел жәрдем қызметіне шақыртуды қысқартуға, үйде қызмет көрсетуді 49,4%-ға дейін төмендетуге, ЖПД дәрігерлері мен мейіргерлер қабылдаған пациенттер санын 51%-ға дейін ұлғайтуға, сүзгі кабинетіндегі пациенттер санын 30,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

МСАК-ты жаңғыртудың кешенді тәсілі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыруға, қоғамдық денсаулық пен халықтың денсаулық сақтаудың бастапқы буынына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.