Жүргізуші куәлігінен айырылған мас азамат полициядан қашып, патрульдік көлікпен соқтығысты, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам алкогольдік мас күйінде автокөліктізгінін ұстаған.

Полиция қызметкерлері тоқтату талабын қойған кезде, ол заңды талапқа бағынбай, оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан.

Қашу барысында бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.

Қылмыстық әрекет патрульдік автокөлікпен соқтығысумен аяқталды.

Бұзақы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды.

Келтірілген материалдық шығын сотталушымен толық көлемде өтелді.