Оқу-ағарту министрлігі "Бағанашыл" балалар үйі төңірегіндегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Аталған мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде оқиға орнында. Қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге тәрбиеленушілердің қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге және оқу үдерісін ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Қалыптасқан жағдайға байланысты балаларға қажетті психологиялық қолдау көрсетіледі. Жетім балалардың заңнамада кепілдік берілген барлық құқықтары қатаң сақталады", — деп жазды министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, бүгін, 21 шілдеде әлеуметтік желілерде балалар үйі тәрбиеленушілерінің Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқаны туралы видео тарады. Балаларды полиция қызметкерлерінің көмегімен көшірмек болған.
Бұл кадрларға бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саин назар аударып, балалардың келісімінсіз және пікірімен санаспай көшіру, олардың құқықтарын бұзу екенін айтты.
"Бұл жағдай енді жеке мәселе емес және мемлекеттің дереу араласуын талап ететін қоғамдық трагедияға айналып барады", — деді Аружан Саин.
Кейін жағдаймен танысқан мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне тапсырма берді, сондай-ақ балалар үйі көшірілмейтін болды.
Бұған қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз