Ертең, 22 шілдеде сотта Перизат Қайрат ісі бойынша жарыссөздер басталады. Бүгін Перизат Қайраттан сотта жауап алынды. Ал оның анасы жауап беруден бас тартты. Бұл туралы Астана соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Астана соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, бүгін заттай дәлелдемелер тексерілген. Сонымен бірге тараптар бірқатар өтінішхат жариялаған.
"Сотталушы Қайрат П.-дан жауап алынды, ал айыпталушы Алашбаева Г. өз құқығын пайдалана отырып, жауап беруден бас тартты. Іс бойынша жарыссөз 2025 жылғы 22 шілде күні сағат 11.00-ге тағайындалды", — делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.
Биылғы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.
9 шілдеде Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты ісі бойынша сот процесі басталды. Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот ішінара жабық өтеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз