Орал қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын мүліктік және бұзақылық қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған, 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тексеру кезінде күдіктіден ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған, оқшаулау лентасымен оралған 13 түйіншек, Zip-пакеттері мен электронды таразы тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті тәркіленген затты жасырын орындарға қалдырып, таратпақ болған.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, оның ішінде есірткі жеткізу арналары мен ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған шаралар қолға алынды", делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып саналатынын, ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін еске салады.

Құқық қорғау органдары азаматтарды заңсыз әрекеттерге бармауға, сондай-ақ есірткіге қатысты кез келген күдікті жайттар туралы полицияға хабарлауға шақырады.

Бұған дейін Астанада есірткі жарнамасымен айналысқан әйел сотталғаны белгілі.