Оңтүстік Корея бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсердің зардабын тартып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елде сел мен су тасқыны салдарынан кемі 14 адам көз жұмып, тағы 12 адам жоғалып кеткен. Бұл туралы елдің Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі мәлімдеді.
Сәрсенбі күні басталған жауын-шашын әлі де тоқтар емес. Жексенбіге дейін табиғат апаты мыңдаған тұрғынның үйін тастап шығуына себеп болған. Ресми деректерге сәйкес, 13 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшуге мәжбүр болса, 3 800-ден астам тұрғын арнайы эвакуациялық орталықтарға орналастырылған.
Күннің күрт өзгеруінен мыңдаған инфрақұрылым нысанына зақым келген. Апат салдарынан жолдар мен көпірлер шайылып, кейбір ғимараттар су астында қалған. Елдің әр өңірінде көшкін қаупі де жоғарылаған.
Мамандар апаттың басты себебін соңғы жылдардағы климаттың өзгеруімен байланыстырады. Төтенше жағдай режимі енгізіліп, құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.