Еуропалық Одақ (ЕО) экологиялық реформаларды күшейтіп, 2030 жылдан бастап бензинмен жүретін көліктерге тыйым салудың алғашқы қадамдарын іске асырып жатыр
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның жазуынша, жаңа ереже алдымен автокөлік жалға беруші компаниялар мен ірі корпорацияларға қатысты болмақ. Атап айтқанда, Sixt және Europcar сияқты алпауыттар алдағы бес жылдан кейін тек электромобильдерді сатып ала алатын болады.
2030 жылдан бастап автопаркін жаңартқысы келетін ірі ойыншылар бензинмен жүретін көліктерге қол жеткізе алмайды. Электромобильдер ғана рұқсат етіледі, – делінген мақалада.
Сарапшылар бұл өзгеріс ЕО аумағындағы жаңа көлік сатылымының 60 пайыздан астамына әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл ретте заң жобасы әлі толық жария етілмегенімен, тиісті құжаттар Еуроодақ құрылымдарында қаралып жатқаны анықталған.
Алайда бұл бастаманың көлеңкелі жағы да жоқ емес. Мәселен, Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығы (ACEA) келтірген мәліметке сәйкес, 2025 жылдың сәуір айында Tesla электромобильдерінің сатылымы 5475 данаға дейін төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 52,6 пайызға азайған. Бұл Еуропада электромобильге көшудің дағдарыстық белгісі ретінде қабылдануы мүмкін.