23 мамырда ҚР Білім министрі ел оқушыларын 2024-2025 оқу жылының аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде "Білім – Отаныма" Бірыңғай сынып сағаты өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Сынып сағатында Білім министрлігінің басшысы Ғани Бисембаев 3,9 миллион оқушыны 2024-2025 оқу жылын сәтті аяқтауларымен құттықтады.
"Мемлекет басшысының бастамаларының арқасында елімізде бір жылда рекордтық көрсеткішке жеткен 257 жаңа мектеп ашылды.Оқушыларымыз халықаралық ірі олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды, оның 41-і алтын. Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет Францияда өткен 47-ші WorldSkills чемпионатында тамаша нәтижеге қол жеткізіп, жеті медаль жеңіп алды. Бұл жеңістердің барлығы қазақстандық мектеп оқушыларының әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі", – деді министр.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында тарихта тұңғыш рет бірден екі ұстаз – Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Трайсова "Қазақстанның еңбек ері" атағын иеленді.
Сондай-ақ 23 мамырда ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қазақстандық балалар мен олардың ата-аналары алдында сөз сөйледі.