Қытайға екі апталық курсқа 31 маман аттанды. Бұған дейін көршілес елде 30 адамнан тұратын екі топ білім алған болатын. Жалпы биыл Қытайда қазақстандық су саласының 121 маманы біліктілігін арттырады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметінен.

Оқу Қытай тарапының қаражаты есебінен ұйымдастырылды, оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінен қаражат бөлінбеген.

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытаймен бірлескен оқыту бағдарламасын жалғастыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сәуір және мамыр айларында біз Қытайға 30 адамнан тұратын екі топ жібердік, олар оқуларын сәтті аяқтады. Ал үшінші топтың құрамында су саласының 31 маманы Қытайға су ресурстарын басқару және ағынды суларды тазарту тақырыбындағы курсқа аттанды. Бұл оқулар Президент Жолдауында айтылған, су саласына білікті мамандарды жүйелі түрде дайындау қажеттілігіне байланысты қолға алынған шаралардың бірі",- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.