Полицияға Петропавл қаласының 67 жастағы тұрғынынан алаяқтық фактісі бойынша өтініш түсті. Зейнеткер алаяқтық схемасына алданып қалған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Оған үй телефонына қоңырау шалған әйел жылап, өзін Ресейде тұратын қызы ретінде таныстырып, жол апатына ұшырағанын, адвокатқа ақша қажет екенін айтқан.
Сол сәтте оның телефонына өзін адвокатпын деп таныстырған алаяқ қоңырау шалып, зейнеткердің үрейін пайдаланып, қолындағы 2 миллион теңге көлеміндегі ақшаны такси жүргізушісі арқылы беруін сұраған. Сонымен қатар "адвокат" зейнеткерге байланыс үзілмес үшін телефонды өшірмей, үйде қалдыруды бұйырған.
Кейін жылаған дауыс қайта хабарласып, операцияға ақша сұраған. "Адвокат" әңгіме үзілмеуін талап етіп отырғанымен, жәбірленуші байланысты үзіп, немересіне хабарласқан. Немересінен ешқандай апат болмағанын естіген әйел "102" арнасына хабарласып, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер такси жүргізушісінен 2 миллион теңге алған дропперді ұстады. Ол — 24 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оның тағы бір осындай алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Аталған жағдайда 88 жастағы петропавлдық 3 миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге ірі көлемде айыппұлдан бастап 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.