Өскемен қаласында қала тұрғынын ұрлап әкетіп, өлтірді деген күдікке ілінген екі адам Алматыда арнайы операция барысында ұсталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл 14 шілдеде Алматы қаласы полиция департаментімен бірлесіп, 2025 жылы мамырда Өскемен қаласының тұрғынын ұрлап өлтірді деген күдікті топтың екі мүшесін ұстау бойынша операция жүргізген.

Ведомство мәліметінше, аталған адамдар 2025 жылдың маусымынан іздеуде болған.

Оларға қатысты екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасы тағайындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ іздестіріліп жатқан адамдарды қасақана жасырып жүрген Алматы қаласының тұрғынын қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де шешіліп жатыр.

Комитет өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ ведомстводағылар Қылмыстық кодекстің 432-бабына сәйкес, қылмыс пен қылмыскерлерді жасырғаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салып өтті.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз