Қазақстанда балалар арасында жиі кездесетін 6 ауру түрі аталды .
Денсаулық сақтау министрлігі дерегіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер санатындағы азаматтар арасында бірқатар ауру түрлері жиі кездеседі.
Қазақстанда жастар арасында ең көп тіркелетін аурулар қандай?
Респираторлық инфекциялар – жоғарғы тыныс жолдарының вирустық және бактериялық аурулары, оның ішінде тұмау мен пневмония;
Ас қорыту жүйесінің бұзылуы – гастрит, гастроэнтерит және басқа да асқазан-ішек аурулары. Мұның басты себебі – дұрыс тамақтанбау;
Аллергиялық аурулар – аллергиялық ринит, демікпе (астма), экзема;
Тірек-қимыл аппаратының аурулары – сколиоз және басқа да омыртқа қисықтықтары, әсіресе жасөспірімдер арасында кең таралған;
Психикалық денсаулық мәселелері – жасөспірімдер арасында депрессия, мазасыздық және өзге де психикалық бұзылулар көбейіп келеді;
Вакцинациямен алдын алуға болатын жұқпалы аурулар – тиісті екпелердің жетіспеуі белгілі бір инфекциялардың таралуына әкелуі мүмкін.
Ведомствоға бұған әсер ететін негізгі факторларды атады.
Экологиялық жағдай – ауаның, судың және топырақтың ластануы респираторлық аурулардың көбеюіне себеп болады. Мұндай көріністер көбіне ірі өнеркәсіп ошақтары шоғырланған аймақтарда тіркеледі;
Өмір салты – қимыл-қозғалыстың аздығы, гаджеттерді шамадан тыс қолдану, отырықшы өмір сүру салты семіздік пен тірек-қимыл жүйесінің ауруларына себеп;
Дұрыс тамақтанбау – диета құрамында дәрумен мен минералдардың жетіспеушілігі, фаст-фудтың артық мөлшері әртүрлі ауруларды қоздырады;
Төмен вакцинация деңгейі – бұл алдын алуға болатын жұқпалы аурулардың өршу қаупін арттырады;
Әлеуметтік-экономикалық жағдай – отбасының табыс деңгейі, сапалы медициналық көмек пен білімге қолжетімділік те баланың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Abai.kz