Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Александров ауылында 15 шілдеде кешкісін 13 жастағы бала жоғалып кетті. Жасөспірім үйінен шығып кеткеннен кері оралмаған. Алаңдаулы ата-ана полиция көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, бір минутты да жоғалтпай, тәртіп сақшылары ауылдан тыс жерлерді қамту үшін арнайы іздеу топтарын құрды.

"Бірнеше экипаж орман белдеулерін, егістік алқаптарын және жол бойларын бірнеше ондаған шақырым радиуста тексерді. Іздеу жұмыстары түн бойы тоқтаған жоқ. Тек таңғы сағат 8 шамасында бала табылып, ата-анасына аман-есен оралды. Бақытымызға орай, денсаулығына зиян келмеген", делінген полиция хабарламасында.

Жасөспірімнің әкесі Нұрпейіс Мұхитденов барлық іздеуге қатысқан жандарға шынайы алғысын білдірді.

"Рақмет айтуға сөз таппай отырмын. Ауыл тұрғындарына — көмек қолын созғаны үшін, ал полицияға — бір сәтке де үміт үзбей, түні бойы іздегені үшін алғыс айтамын. Ұлымның қасымда аман-сау отыруы – сіздердің еңбектеріңіздің арқасы", – деді ол.

Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Ардақ Ешмағамбетов бұл оқиғаның халық пен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы қаншалықты маңызды екенін көрсетті деп атап өтті.

"Мұндай жағдайлар біз бірігіп көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды дәлелдейді. Көмек көрсеткен барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамыз", – деді ол.

Бұған дейін елордада "SOS" батырмасы арқылы жоғалған бала дер кезінде табылғанын жазғанбыз.