Түркістан облысы Шардара аудандық полиция бөлімінде ерекше мазмұндағы, жүрекке жылы әсер қалдырған салтанатты шара өтті.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мінсіз қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларының аналары «Алғыс хат» және «Офицердің анасына» атты арнаулы медальдармен марапатталды. Ізгі шараға аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Шерзод Әділханұлы арнайы қатысып, аналарға шынайы алғысын жеткізді. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментіә хабарлады.

Аталған іс-шара – тек марапат қана емес, полиция қызметінің ауыртпалығын артқа тастамай, адал қызмет етіп келе жатқан азаматтардың артында олардың өмір жолына бағыт беріп, отансүйгіштік рух пен жауапкершілікке тәрбиелеген аналардың зор еңбегі бар екенін мойындаудың көрінісі.

Жиында сөз сөйлеген полиция полковнигі Ш. Әділханұлы:

“Бұл азаматтардың Отан алдындағы борышын адал атқарып, ел тыныштығы мен халықтың амандығын қорғап, парасат пен төзімділікке, жауапкершілік пен табандылыққа, патриотизм мен адамгершілікке бойларын сіңіруі – аналар, сіздердің жүрек жылуларыңыз бен ақ баталарыңыздың жемісі екені ақиқат. Осындай ержүрек полицей азаматтарды тәрбиелеп жеткізген сіздерге шексіз алғысымды білдіремін”, – деді.

Бұл жолы ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін жоғары көрсеткіштерге ие болған 13 қызметкердің аналары «Офицердің анасына» медалімен және Алғыс хатпен марапатталды. Олар – ұлдарын отанға қызмет етуге тәрбиелеп, қоғам алдындағы борышын адал атқаруға жол ашқан ардақты аналар. Шара соңында аналар мен полиция қызметкерлері естелік суретке түсіп, ұрпақ тәрбиесі мен ел қорғау жолындағы ортақ міндеттер туралы жылы лебіздерін білдірді.

Полиция қызметі – тәулікпен, мерекемен, демалыспен санаспайтын күрделі сала. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, адам өмірі мен мүлкін қорғау сияқты аса жауапты міндеттерді атқаратын құрылым. Қызмет барысында тәртіп сақшылары күн сайын түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет келеді. Қару қолдану, қылмыскерлерді ұстау, жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу, даулы отбасылық жанжалдар мен төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдау – олардың күнделікті жұмыс форматына айналған.

Бұл қызмет – физикалық және моральдық тұрғыда мықты дайындықты, тұрақты психологиялық беріктік пен заңды терең білуді талап етеді. Түн ұйқысын төрт бөлген патрульдік кезекшіліктер, күтпеген қауіп пен тосын жағдайларға бейімделу – полиция өмірінің ажырамас бөлшегі.

Сондықтан мұндай қызметті адал атқарып жүрген азаматтардың артында – рухани тірегі, батасы мен үміті болған аналарының еңбегі өлшеусіз. "Офицердің анасы" медалі – тек құрметтің ғана емес, осындай қажырлы аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін қоғам деңгейінде мойындаудың нышаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыру, заң мен тәртіп қағидасын орнықтыру туралы нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл тапсырмаларды орындау – бірінші кезекте, құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың адалдығына, әділдігіне, ерлігіне байланысты. Ал осы қасиеттердің бастауы – отбасы тәрбиесінде, әсіресе ананың ықпалында екені сөзсіз.

Осындай құрметке ие болған аналар арасында өз перзентінің қызмет жолымен мақтанатындары да аз емес. Олар ұлдарының қоғам алдындағы адал қызметін жоғары бағалап, ел тыныштығын сақтау жолындағы әрбір жетістік – ананың жүрек тәрбиесінің жемісі екенін атап өтті.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бұл игі бастамасы – қызметтік борыш пен отбасылық тәрбиенің сабақтастығын көрсететін өнегелі қадам. Осындай марапаттар мен қолдаулар – полиция қызметкерлерінің бойында патриоттық рухты күшейтіп, олардың кәсіби борышына деген адалдығын арттыра түсетіні анық.