Құпия бағдарлама туралы белгілі болды.
Ұлыбританияға үкіметтің құпия жүйесі аясында мыңдаған ауған азаматы көшірілді. Бұл туралы Financial Times газеті хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Report басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы тиісті ақпаратты жариялауға тыйым салынған сот шешімі 15 шілдеде күшін жойғаннан кейін жарияланды.
Белгілі болғандай, Талибан билікке келгенге дейін Ұлыбританиямен тығыз жұмыс істеген 25 мыңға жуық ауған азаматының жеке деректері 2022 жылдың ақпанында интернетке тарап кеткен. Бұл мәліметті Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің қызметкері жариялап жіберген.
Газеттің хабарлауынша, жеке деректері таралған адамдардың отбасыларын қоса алғанда, 100 мыңға жуық адамға қауіп төнген.
Ұлыбритания үкіметі бұл жағдайды 2023 жылдың тамызында ғана білген. Кейін ауған азаматтарын елге көшіру бағдарламасын іске қосқан.
Financial Times ақпаратына сәйкес, Ұлыбритания билігі құжаттарда аты көрсетілген 18,5 мыңнан астам ауғанды өз еліне көшіріп үлгерген. Олардың қатарында бұрыннан көшуге рұқсат алғандар да бар. Осылайша тікелей ақпараттың таралуына байланысты 5,5 мың адам көшірілді, тағы 2,4 мың адам алдағы уақытта Ұлыбританияға жеткізіледі деген жоспар бар.