Испанияның денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 16 мамыр мен 13 шілде аралығында болған аптаптың салдарынан елде 1000-нан астам адам қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

SRN News басылымының мәліметінше, 2025 жылғы маусым Испаниядағы метеобақылау тарихындағы ең ыстық ай болып тіркелді.

"Карлос III институтының күнделікті өлім-жітімді бақылау жүйесі – MoMo 2025 жылғы 16 мамыр мен 13 шілде аралығындағы аптап толқындарына байланысты жалпы 1 180 өлім жағдайын тіркеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1 035%-ға көп, сол кезде 114 адам көз жұмған болатын", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар аталған кезеңде ел бойынша 76 рет қызыл деңгейдегі қауіп дабылы жарияланған. Бұл – метеобақылау жүйесіндегі ең жоғары қауіп дәрежесі.

Ресми деректер бойынша, қайтыс болғандардың 95%-ы – 65 жастан асқан адамдар, көпшілігі – әйелдер. Сонымен қатар ыстық соғу салдарынан болған 10 өлім расталған. Оның бесеуі – қарт адамдарда, төртеуі – 52 мен 62 жас аралығындағы адамдарда тіркелген, бір жағдай бойынша ақпарат нақтыланбаған.