Қазақстанда бал ашып, болашақты болжау миллиардтық индустрияға айналды.

2024 жылы елімізде экстрасенстер мен балгерлер ресми түрде 2,9 миллиард теңге көлемінде табыс тапқан. Бір жылда көрсетілген қызмет көлемі 75 есеге өскен. Қарапайым карта ашудан бастап, бизнеске «магиялық қолдау» көрсетуге дейінгі қызмет түрлеріне сұраныс артып отыр. Мұндай өсім нені білдіреді? Халықты алдау ма, әлде ақиқат па? Caravan.kz медиа порталы зерттеулерге сүйеніп жалғастырады.

Елімізде экстрасенстер, балгерлер, астрологтар, нумерологтар және осыған ұқсас сала мамандары ұсынатын қызметтердің табысы жыл сайын артып келеді. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы көріпкелдер мен балгерлер мемлекет алдында 2,9 миллиард теңге көлемінде қызмет көрсеткендерін ресми түрде есепке алған. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (39,5 миллион теңге) 75 есе көп. Бұл соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Бюро деректерінде бұл қызметтер екі категорияға бөлінген: «экстрасенстер қызметі» және «астрологтар, спириттер, балгерлер қызметі». Өсімнің негізгі бөлігі екінші топқа тиесілі: бұл категория жалпы көлемнің 92,3%-ын (яғни 2,7 млрд теңгені) құраған. Ал экстрасенстердің ресми табысы 225,7 млн теңгені ғана көрсеткен.

Алайда бұл сандар осы саланың толық ауқымын көрсете алмайды. Бұл тек өз қызметін ашық жүргізіп, мемлекетке есеп беруге дайын адамдардың қаржылық ағындарын ғана сипаттайды. Қазақстанда емшілер, көріпкелдер мен балгерлердің қызметі заңмен нақты реттелмеген әрі лицензиясы жоқ. Десе де, олар заң аясында жұмыс істеп, салық төлеуге құқылы. Экономикалық қызмет түрлерінің ұлттық классификаторында экстрасенстер мен нумерологтар ресми түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алатын арнайы код бар: 96.09 – «Басқа топтамаларға кірмейтін жеке қызметтерді көрсету».

2024 жылғы көрсеткіштердің күрт өсуіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соның бірі – заңнамадағы өзгерістер. Мысалы, бірыңғай жиынтық төлемнің (БЖТ) жойылуы және жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан (шамамен 1 млн теңге) асатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл салада қызмет көрсететіндердің көпшілігі – жеке тұлғалар.

Тағы бір ықпал етуші фактор – халық тарапынан бал ашу, жорамал жасау сияқты қызметтерге сұраныстың артуы. Google Trends сервисінің деректері бойынша, 2024 жылы қазақстандықтар «наталь карта», «тағдыр матрицасын талдау» секілді тақырыптарда іздеу жиілігін айтарлықтай арттырған.

Қызығы сол: 2024 жылы тіркелген 2,9 млрд теңгенің тек жартысы, яғни 1,5 млрд теңге ғана жеке адамдардың (халықтың) есебінен төленген. Қалған 1,4 млрд теңге ұйымдар мен өзге де көздерден түскен. Алдыңғы жылдары мұндай бөлек есеп жүргізілмеген болатын.

«Талдау» ақпараттық-аналитикалық жүйесі бұл қызмет түрлері бойынша аймақтық бөліністе мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Алайда деректер толық емес: барлық өңірлер мен ірі қалалар есеп тапсырмаған. Мәселен, Павлодар облысында өткен жылы 208,6 млн теңге көлемінде осындай қызметтер көрсетілген болса, Астанада бұл көрсеткіш небәрі 679 мың теңгені құраған. Алматы бойынша мәлімет мүлде жоқ. Бірақ дәл осы қалада балгерлер, экстрасенстер, көріпкелдер мен эзотериктердің жарнамасы ең көп кездеседі.

Қазақстанда магиялық қызметтердің бағасы әр түрлі. «Жұмсақ» (сенімге негізделген) қызмет түрі болғандықтан, баға көбінесе қызмет көрсетушінің жеке брендіне байланысты.

Нарықты зерттеген Finprom.kz жарнама арналарына қарай қызметтерді екі топқа бөлді.

Бірінші топқа жарнамасы агрегатор-сайттарда, анықтамалықтарда, әлеуметтік желілерде берілетін мамандар кіреді. Бұлар өзін емші, балгер, таролог, нумеролог деп таныстыратындар. Мұндай хабарландыруларда көп жағдайда қызмет көрсетушінің аты-жөні де жазылмайды, пікірлер, қызмет сипаттамасы, нақты ұсыныстар да жоқ. Ең арзан қызмет қарапайым карта ашу немесе кофе қойнау арқылы бал ашу: бағасы 3 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ наталь картаға талдау жасау 3,5 мың теңге тұрады. Түрлі магиялық рәсімдер 5 мың теңгеден басталады. Бұл топтағы ең қымбат қызметтер экстрасенсорлық сеанс немесе нумерология бойынша толық талдау, бағасы 20 мың теңгеден жоғары.

Екінші топқа аты танымал экстрасенстер мен балгерлердің жеке сайттары кіреді. Олардың кейбірі тележобаларға қатысқан, танымалдылығы жоғары. Сондықтан қызметтері де әлдеқайда қымбат.

Қарапайым жарнама көздері (агрегаторлар, анықтамалықтар, әлеуметтік желілер):

• қарапайым бал ашу (карта, кофе): 3 мың теңге

• наталдық карта талдауы: 3 500 тг

• магиялық ритуалдар: 5 мың теңге бастап

• нумерологиялық кеңес, экстрасенсорлық сессия: 20 мың теңгеден бастап

Аты танымал көріпкелдердің жеке сайттарындағы қызметтер:

• қарғысты кетіру: 30 мың теңгеден бастап

• нашақорлықпен күрес: 250 мың теңге

• жұбайын қайтару: 500 мың теңге

• бизнес жүргізуге «жәрдем»: 400 мың теңге

• мүлік сату үшін магиялық көмек: құнының 10%-ы.

Ең қымбат қызмет деструктивті, «қара магия» ритуалдары: 1 миллион теңгеден бастап көрсетілген.

Бұл деректер Қазақстанда эзотерикалық қызметтерге сұраныс артып келе жатқанын ғана емес, сонымен қатар бұл бағытта үлкен қаражат айналымының бар екенін көрсетеді. Енді бұл салада заңнамалық реттеу мен тұтынушыларды қорғау мәселесі өзекті бола бастайды.