Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды. Алдын ала деректерге сәйкес, ЖІӨ өсімі 6,2%-ға жетіп, еліміздің экономикалық қарқыны сақталғанын көрсетті, деп жазады Egemen.kz.

Экономикалық өсімге әсер еткен негізгі салалар қатарында құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салалары атап өтілді. Бұл бағыттардағы белсенділік пен инвестициялық серпін экономиканың жалпы құрылымындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет жүйелі шаралар қабылдап, нақты іске асыруда. Экономикада тұрақты өсім бар. Инвестициялардың белсенді тартылуы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті», деді Премьер-министр.

Инвестициялық жобалар тек ірі қалаларда емес, өңірлік деңгейде де құрылыс пен өндіріс белсенділігін арттырып, жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдердің өсуіне негіз болып отыр.

Сондай-ақ Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер кластерін іске қосқаны да ерекше атап өтілді. Бұл заманауи құрал жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу, үлгілеу және болжау сияқты салаларда отандық мүмкіндіктерді кеңейтіп, цифрландыру арқылы басқару тиімділігін арттыруға жол ашады.

Суперкомпьютерді қолдану экономикалық талдау мен жоспарлау сапасын арттыруға, сондай-ақ ашықтық пен жедел шешім қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл – елдегі цифрлық егемендікке бағытталған маңызды қадам.