Ер адам Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне дайын азық-түлік жеткізу қызметін көрсету кезінде құқықтарының бұзылғаны туралы арызданған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2025 жылғы 15 шілдедегі хабарлауынша, бұл шарт бұрын белгілі бір шекті мөлшерден жоғары тапсырыстар үшін жалпы ереже ретінде көрсетілгеніне қарамастан, үлкен сомаға тапсырыс берген тұтынушыға тегін жеткізуден бас тартылды.
Аталған өтінішті қарау нәтижесінде, тұтынушы ірі сомаға тапсырыс бергеніне қарамастан, оған тегін жеткізу қызметі көрсетілмегені анықталды. Қызмет көрсетуші мұны жеткізудің тек қала шегінде ғана тегін жүзеге асырылатынымен түсіндірген.
Алайда мұндай шектеулер жөнінде ақпарат ресми сайтта да, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда да көрсетілмеген. Осыған қарамастан, тұтынушы көрсеткен мекенжай нақты жеткізу аймағына кіретініне қарамастан, оған жеткізу ақылы түрде ұсынылған. Бұл жағдай тұтынушыны жаңылыстырып, оның құқықтарының бұзылуына әкелді.
Сонымен қатар, тұтынушы кәсіпкерден заңнамада көзделген ресми мәліметтерді, атап айтқанда, бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) және тіркеу деректерін ұсынуды сұраған. Алайда қызмет көрсетуші бұл ақпаратты беруден бас тартқан.
Орын алған бұл жағдайлар Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының бірнеше нормаларын тікелей бұзғанын көрсетеді.
Атап айтқанда, 10 бапқа сәйкес тұтынушының қызмет көрсетуші туралы және ұсынылатын қызмет жөнінде толық, шынайы әрі уақтылы ақпарат алуға құқығы бар және 24 бапта тұтынушыға алдын ала жарияланған қызмет көрсету шарттарын орындау – қызмет көрсетушінің тікелей міндеті ретінде белгіленген.
Аталған құқықбұзушылық үшін кәсіпкерлік субъектісіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес тұтынушыны көрсетілетін қызметтің сипаты мен шарттары бойынша жаңылыстыру фактісі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Департамент қызмет көрсету бойынша алдын ала мәлімделген шарттарды сақтау және орындаушы туралы ақпараттың ашықтығы — таңдау емес, заңмен белгіленген міндет екенін ескертеді. Егер Сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылса, көрсетілген байланыс номерлеріне хабарласа аласыздар: 8(7292)43-14-34, 43-01-17. Біздің мекен-жайымыз: Ақтау қаласы, 9 шағын аудан, 23 "А" ғимарат, 215 кеңсе.