Атырауда демаламыз деп хауызға барған тұрғындар демін ала алмай, уланып қалды. Хлордан жағдайы күрт нашарлаған 3 бала тіпті жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елді дүрліктірген оқиға кеше сағат 13:00 шамасында қаладағы демалыс орындарының бірінде болған. Мәлім болғандай, әуелде балалар тұтастай суда жүзіп жүреді. Кенеттен қас пен көздің арасында он шақты жеткіншек өзін жайсыз сезінген. Бірінің жүрегі айнып, енді бірінің тынысы тарылып, ауа жетпей құлаған. "Ғимарат ішін бірден хлордың иісі жайлап, судың да түсі сарғая бастады" дейді оқиға орнында болғандар. Дүрліккен жұрт бірден ұл-қызын далаға алып шығып, жедел жәрдем шақырған.
"Балам жерге отырып, қақала бастады. Жолдасым «тұншығып қалды ма?» деп, арқасынан қақты. Сары суды көріп, қарбалас басталып кетті, халық шулады. Жабылуын талап етеміз",-деді қала тұрғыны Ақбаян Бисенғалиева.
"Баламның екі аяғы сап-салқын болып, беті аппақ болып кетті. Қақалып, жөтеліп жатты, су сұрадық. Ешкім болмады. Жүгіріп жүрген ата-аналар. Су сап-сары болды. Балмның өкпесіне су көп кетіп қалған",-деді қала тұрғыны Алтынгүл Наушабаева.
Бұған дейін тараған ресми мәліметте жағдайдан 14 адамның зардап шеккені айтылған. Ал жаңа ақпарға сүйенсек, хлордан уланғандардың саны 15-ке жеткен. Яғни оның 13-і бала, екеуі — ересек азамат.
Айта кетейік, денсаулығы нашарлаған 3 науқас кеше жансақтау бөліміне жатқызылған.
"Үш науқасымыз жағдайларының күрт ауырлауына байланысты жансақтау бөліміне түсті. Қазір балалардың жағдайы жақсарды, бірқалыпты. Дәрігерлердің қарауында. Диагнозы – улану. Қажетті емін алып, үйіне жіберілді. Хлор ауа арқылы әсер еткен", — деді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Бауыржан Қадырғали.
Оқиға болған хауыздың әкімшілігі қате жібергендерін толық мойындап отыр. "Техникалық ақау болды" деген олар әзірге уақытша жабылыпты. Демалыс ошағының қашан қайта жұмысын бастары белгісіз.
"Аквапарктың ішінде жарық бірнеше рет өшіп, қосылды. Өшірілген кезде генераторлар ауысты. Сол кезде техникалық ақау орын алды деп ойлап отырмыз. Тергеу жүргізіп жатыр. Өз тарапымыздан техникалық шағын тексеріп жатырмыз. Жағдай қайталанбау үшін қандай шара қолданамыз. Барлық кемшілікті мойындаймыз", — деді демалыс орнының ресми өкілі Ерік Ботақанов.
Еске салсақ, 13 шілдеде Атыраудағы бассейндердің бірінде хлордан уланудың ықтимал жағдайы тіркелген. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, медициналық көмекке 14 адам жүгінген. Ауруханаға 3 адам жатқызылған, олардың жағдайы тұрақты. Қалған тұрғындар дәрігерлердің бақылауында.
"Эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, ауа мен судан сынама алынды. Хлор буы шекті мөлшерден аспаған, зертханалық талдау жұмыстары жалғасуда. Полиция қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстауды тапсырған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз