Тараз қалалық соты партиядан шығарылған депутаттың өтініш-талабын қарады. Ол 2025 жылғы наурызда филиалдың Саяси кеңесі бюросының қаулысымен партия жарғысын сақтамағаны үшін партиядан шығарылған. Бірақ оның бұған айтар қарсы уәжі бар болып шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тараз қалалық сотында талап қоюшы Т-ның 2023 жылдың көктемінде "A" партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына сайлауға қатысып, жеңіске жетіп, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болғаны анықталды. Алайда 2025 жылғы наурызда филиалдың саяси кеңесі бюросының қаулысымен оның партия жарғысын сақтамағаны үшін партиядан шығарылғаны да белгілі болды.
Талап қоюшының өкілі оның сенімгері партия мүшесінің міндеттері мен жарғысын бұзбағанын және оған қатысты хаттар, хабарламалар мен шешімдер берілмегенін жеткізді.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, 2025 жылғы наурызда өткізілген Бюро отырысы кворумы бар бюроның 9 мүшесінің 6-сының қатысуымен өткізілген. Талап қоюшының партияның беделін түсіретін және бекітілген сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына кедергі келтіретін бірнеше рет жасаған әрекеттерін растайтын материалдар тыңдалды.
"Сот Т-ның әрекеттері оны партия қатарынан шығаруға жеткілікті негіз болды және жауапкердің шешімі заңды деп санады. Талап қоюшының Бюро отырысына тиісті түрде хабарламағаны және оның қатысу құқығын бұзғаны туралы дәлелдері сотта өз растауын таппады. Талап қоюшы Бюро отырысына WhatsApp мессенджері бойынша жеке нөміріне хабарлау арқылы шақырылған. Сот барлық дәлелдемелерді зерделеп, тараптардың дәлелдерін тыңдап, Т-ның талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартты", делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін сотта "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевтың өтініші қанағаттандырылмағанын жазғанбыз.