Қалалық әкімдік заңсыз құрылыс нысандарымен күресті күшейтті.

Осыған байланысты шаһар аумағында салынған құрылыс ғимараттарын сүру жұмыстары бүгінде заң талаптары аясында іске асырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мәселен жақында Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан "REAL PACK" ЖШС-не тиесілі құрылыс нысанына тексеру жүргізді.

– "Қиял әлемі" саябағына іргелес жатқан әжетхана құрылысына берілген жалпы көлемі 0,9326 га жер учаскесі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарына қайшы берілгені және аталған аумаққа заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізілгендігі анықталды. Осыған орай ортақ пайдалану аумағынан заңсыз берілген 1 гектарға жуық жер учаскесінде салынған 3 қабатты заңсыз құрылыс ғимараты сот шешіміне сәйкес бұзылды, – деп хабарлады басқарма мамандары.

Жоғарыда аталған басқарма өкілдері құқық бұзушылықтарға байланысты аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынғанын мәлімдеді.

Бүгін сот шешіміне сәйкес 3 қабатты құрылыс нысанын бұзу жұмыстары жүргізілді.