Айыптаумен прокурорлар Арман Кезекен мен Мәдина Оразалина таныстырған .

Тергеу материалдарында Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның алдын ала сөз байласу арқылы топ болып әрекет еткені айтылады, деп хабарлайды inbusiness.kzhttp://inbusiness.kz сайты.

Оларға қатысты қылмыстық іс бойынша сотта прокурорлар алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және азаматтардың сенімін асыра пайдалану фактілерін қамтитын айыптау актісін жария етті.

Бірақ, бұл айыптауларға Перизат Қайрат та, анасы Ғайни Алашбаева да келіспеді.

Айыптау нұсқасында олар 2021 жылдан 2024 жылға дейін қайырымдылық ретінде жеке және заңды тұлғалардан қаражат жинаған және оның көбін өз қажеттіліктеріне пайдаланған. Үш жыл аралығында анасы мен қызының қайырымдылық арқылы 3,4 млрд теңгені қалтаға басқаны белгілі болды.

Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде, адамдар тобы болып жасаған алаяқтық) және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр.

Осыған дейін Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтетінін жаздық.