Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі.

"Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты академиялық 7 томдық­тың жарыққа шығатын күні жақын. Бұл туралы мемлекетттік кеңесші Ерлан Қарин "Егемен Қазақстан" басылымында жарық көрген "Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі" атты мақаласында хабарлады.

Ерлан Қарин бұл ретте бұған дейінгі академиялық басылымдар­ды әзір­леудің ұзаққа созылғанын алға тартып, тарихты жазуда асы­ғыстыққа жол бермеумен қатар, со­зып жіберуге де болмайтынын атап өтті.

Мемлекеттік кеңесшінің жазуынша, академиялық 7 томдық­тың әр томына арнаулы ғылыми институт жетек­шілік етіп, Қазақстаннан 250 тарихшы қатысқан. Жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды. Жұмыс барысында бұрын беймәлім болып келген көптеген тың дерек табылып, ғылыми айна­лымға қосылуда.

"Мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. "Архив-2025" бағдарламасы жү­зеге асырылып, шет мемлекет­терге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ва­тикандағы, Парсы мем­лекет­теріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин ар­хивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді", – деп жазды Ерлан Қарин.


Оқи отырыңыз: Қазақ хандығы мен Алаш тулары қандай болды


Жеті томдықта, сондай-ақ, Ұлыбританиядан табылған "Тарихи-и Қыпшақ хани", "Нусрат­-Наме", "Муʻизз ал-ансаб",­ "Бахр ал-асрар" сияқты қол­жазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ же­рінде болған маңызды оқи­ға­лар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған.

"Тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұ­мыстары белсенді жүргізіліп, ма­ңызды жаңалықтар ашылды. Осы­ның бәрі жаңа басылымның маз­мұнын толықтырып, байыта түседі. Бұл жеті томдықты төл тарихы­мызға қатысты осыған дейін жа­салған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деу­ге болады", – делінген мақалада.


Оқи отырыңыз: "Хандар шежіресі" қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық "Әлем жады" тізіміне енді


Жеті томдықтың редакциялық алқасына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық етсе, оның мүшелері – қазақстандық ғалымдар. Олардың қатарында Қазақстанның ең белді ғылыми-зерттеу инс­ти­тут­тарының жетекшілері, Ұлт­тық­ музейдің, Орталық мемле­кет­­тік архивтің басшылары, сон­дай-ақ Болат Көмеков, Жәкен Тай­ма­ғам­бетов, Мәмбет Қойгелдиев, Хан­гел­ді Әбжанов, Мұрат Әбдіров, Жақ­сы­лық Сәбитов, Радик Темірғалиев және басқа да көптеген белгілі ға­лым мен сарапшылар бар.

Редакция алқасы әр томды жеке-жеке­ қа­­рап, мұқият саралағаннан кейін­ бас­па­­ға жі­беру туралы шешім қабылданады.

"Әрине, басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды. Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ. Бағаны ертең оны оқитын аудитория мен кейінгі ұрпақ береді. Бірақ болашақта тарихпен айналысамын деген азаматтардың ұлт жылнамасын терең зерделеуіне, әрі қа­рай зерттеулер жүргізуіне сара жол ашып, берік негіз қалауға тырысқанымыз анық. Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі", – деп жазды Ерлан Қарин.