Мәжіліс депутаты Данабек Исабек жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» мекемесіне барып, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. 2023 жылдың 1 қарашасында ашылған мекеме зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімде демалу және ем алу мүмкіндігін ұсынады.

«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде құрылған орталық алғашында 70 орынға ғана есептелген. Ал қазір бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдауға қауқарлы. Ғимараттың жалпы аумағы – 3 699,9 шаршы метр. Мұнда таза ауада серуендеуге арналған аула, көгалдандырылған алаңдар, орындықтар, субұрқақ және шағын саябақ қарастырылған.

Сондай-ақ мекемеде демалушылар медициналық және әлеуметтік қызметпен толық қамтылады. Әр зейнеткер дәрігер қабылдауынан өтіп, денсаулығына қарай арнайы емдік шаралар қабылдайды. Мәселен, физиотерапия, сумен емдеу, электрмагнитті терапия, дәрілік шөп тұнбаларымен емдеу, саламатты өмір салтын ұстануға арналған таңғы емдік жаттығулар, арнайы тренажер залдары мен тұзды шахта.

Депутат Данабек Исабек меке­менің жұмысымен жан-жақты та­нысқан соң, қызмет сапасына оң бағасын берді. Қариялармен жүздесіп, хал-жағдайын да сұрады.

«Бұл – халқымыздың, әсіресе қарттарымыздың саламатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін маңызды бастама. Қарияларға жан-жақ­ты жағдай жасалған мұндай орта­лықтар еліміздің басқа өңірлерінде де үлгі боларлық», деді Д.Исабек.

Өз кезегінде демалушылар орталықтың қызметіне ризашы­лықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

«Мұнда барлық жағдай жа­салған. Денсаулығына шипа іздеген біз сияқты қариялар үшін таптырмас орын. Осындай қамқорлық үшін азаматтарға алғысымды білдіремін», деді орталықта демалып жатқан Раиса Қалмағамбетова.

«Ізетті зейнеткер» орта­лығына жолдама алу үдерісі толық цифрландырылған. Зей­нет­керлер geo-shym.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаң­бамен тіркеліп, онлайн өтінім бере алады. Өтініш бергеннен кейін кезекті электрондық жүйе арқылы бақы­лауға мүм­кіндік бар.

Ал Павлодар облысына жұмыс сапары аясында «Amanat» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантай Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №2 сорғы стансасындағы электрмеханикалық жабдықты жаңғырту барысын бақылады. 50 жылдан аса пайдаланылып келген канал жабдықтары ескірген. Бү­гінде энергетикалық және гидромеханикалық жабдықтарды жаңғырту аясында №1 сорғы стансасының реконструкциясы басталды. Сондай-ақ биыл бес жаңа сорғы агрегатын жеткізу мақ­сатымен «Уралгидромаш» акцио­нерлік қоғамымен келісім­шарт жасалған. 2028 жылға дейін 19 гидрожабдықты ауыстыру жос­парланып отыр.

«Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселе бар. Канал жабдықтарының 90 пайыздан астамы тозған, кейбір сорғы агрегаттарын шұғыл ауыс­тыру қажет. Мысалы, биыл және келесі жылы құны шамамен

11 млрд теңге болатын бес сорғы агрегатын ауыстыру жоспарланған. Қаражаттың бір бөлігі бөлінді, алайда бұл жеткіліксіз. Тағы 14 сорғы үшін қосымша қаржы қа­жет», деді В.Ким.

Н.Әшімбетов осыған дейін нысанда жүргізілген жұмыс сапасыз болғанын атап өтті. 2023 жылы №2 сорғы стансасында орын алған ірі апат жабдықтардың қатты тозғанын, шұғыл жаңғыртуды қажет ететінін көрсетті. Депутат­тардың бастамасымен бұл мә­селе республикалық деңгейде көтерілді. Бүгінде каналдың реконструкциясына бюджеттен 12 млрд теңгеден аса қаражат бө­лінген.

Депутат Ж.Амантайдың айтуынша, каналдың суы тек өнеркәсіп пен ауыл шаруашы­лығын ғана емес, сондай-ақ ел­ордадағы су тапшылығы мәселесін шешуге де ықпал ете алады. Мәжіліс депутаттары жобаның орындалуын және оның тұрақты қаржы­ландырылуын бақылауда ұстай­тынын жеткізді.