Атақты көпкүндік веложарыс – "Тур де Франс" кезінде тағы бір қылмыс тіркелді. Қолында пышағы бар бейтаныс ер адам жанкүйерлерге шабуыл жасады, салдарынан полиция қызметкері жарақат алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Le Parisien басылымының мәліметінше, оқиға 8 шілде күні Франциядағы Гранд-турдың төртінші кезеңі өтіп жатқан кезде болған.
Ауруханадан қашып шыққан 21 жастағы ер адам әуелі жарыс мәресін күтіп тұрған жанкүйерлерді пышақпен қорқытып, кейін полиция қызметкерін кеудесінен ұрған. Абырой болғанда, полиция қызметкері бронежилет киіп жүрген.
Құқық қорғау органдары күдіктіні тоқтату үшін оның аяғына оқ атуға мәжбүр болған. Жараланған ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, бірден қамауға алынды.
Бірер сәттен кейін жарысушылар пелетоны да жетіп, төртінші кезеңде словениялық велошабандоз Тадей Погачар жеңіске жетті. Бұл — оның кәсіби карьерасындағы 100-жеңісі болды.