2025 жылдың 10 шілдесі күні таңертең Астанада жас жігіт Министрліктер үйіне тұтандырғыш қоспа лақтырған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлеуметтік желіде оның әрекетінен болған өрттің салдары түсірілген видео жарияланды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ASTANA / НОВОСТИ / АСТАНА (@astanovka98)

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі Министрліктер үйінің кіреберісінде өрт қойған 24 жастағы жігіттің анықталып, ұсталғанын хабарлады.

"Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті тез арада сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", – деп қосты полицейлер.

Өз кезегінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі келесі ақпаратты хабарлады:

"Бүгін таңертең Министрліктер үйінің кіреберістерінің бірінде автоматты өрт дабылы қосылды. Оқиға орнына Астана қалалық ТЖД күштері мен құралдары жедел жетті. Барлау барысында белгісіз ер адамның ғимаратқа кіріп, турникетке тұтандырғыш қоспа лақтырғаны анықталды, нәтижесінде 2 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Құтқарушылардың келісілген іс-әрекетінің арқасында өрт сөндіру құралының көмегімен өрт толығымен сөндірілді. Құқық бұзушыны полиция қызметкерлері ұстады. Төтенше жағдайлар департаменті түтінді жою және үй-жайларды тексеру жұмыстарын жүргізді. Зардап шеккендер жоқ".

Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталуда.

3 шілдеде Астанада өрт сөндірушілер мейрамханадағы ірі өртті сөндірді.