Перизат Қайраттың "тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жықты" деген мәлімдемесіне қатысты Астана полиция департаменті жауап беріп, видео жариялады. Бұл туралы елордалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, 9 маусым күні тергеудегі Перизат Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде есік арасына қысылып қалғанын, осылайша, дене жарақатын алғанын мәлімдеген.

"Аталған арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы полиция департаментіне жолданып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды.

Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша Перизат Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған Перизат Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды", — делінген полиция хабарламасында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Астана Қаласының Полиция Департаменті (@police__astana)

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз