Жыл басынан бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары еліміздің түкпір-түкпірінде көпқабатты үйлердегі пәтерлерде қорғаныш терезе блокираторларын орнату бойынша кең ауқымды акция өткізуде. Бұл бастама аясында ерекше назарды қажет ететін отбасылардың үйлерінде қазіргі уақытта 2500-ден астам қорғаныш құрылғысы орнатылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
ТЖМ құтқарушылары барлық құрылғыларды көпбалалы, әлеуметтік осал отбасылардың, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардың пәтерлерінде тегін орнатады.
Акцияның басты мақсаты — балалардың терезеден құлауының алдын алу. Өкінішке орай мұндай оқиғалар балаларды тіпті қысқа уақытқа қараусыз қалдырғанда да, терезе ашық болса, орын алып жатады.
ТЖМ ата-аналарға қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді ескертеді:
– үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз;
– терезе маңына жиһаз қоймаңыз — бала үстіне шығып кетуі мүмкін;
– тек қорғаныш механизмі бар терезелерді пайдаланыңыз;
– бала терезені аша алмауы үшін терезе тұтқасын бекітіп қойыңыз;
– баланы терезе алдына шығуға үйретпеңіз;
– балаларды үлкендердің қарауынсыз балконға шығармаңыз;
– москит торы құлап кетуден қорғай алмайтынын есте сақтаңыз.
Балалардың қауіпсіздігі — ересектердің қолында!
ТЖМ құтқарушылары қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бар күшін салуда, алайда басты жауапкершілік — ата-аналарға жүктеледі.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 немесе 101 нөмірлеріне дереу қоңырау шалыңыз.

