Атырау – Астана бағытындағы рейс кезінде есінен танып қалған жолаушыға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетті.

ДСМ мәліметінше, 2025 жылғы 9 шілдеде Атыраудан Астанаға ұшқан түнгі рейс кезінде күтпеген жағдай болды. Ұшу барысында жасы үлкен жолаушының жағдайы кенеттен нашарлап, есінен танып қалған.

Борттағы экипаж дереу әрекет етіп, ұшақта медициналық көмек көрсете алатын жолаушылардың бар-жоғын сұрастырған.

Осы сәтте ұшақта болған Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Қайратұлы Абдалиев пен Алматыдағы «Arsamed» клиникасының дәрігері Зағира Анық жедел түрде алғашқы көмек көрсетіп, жолаушының өмірін сақтап қалды, – делінген мәліметте.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, кәсіби әрі үйлесімді әрекеттің арқасында науқастың жағдайы қысқа мерзімде тұрақтандырылып, ұшақ қонғанға дейін бақылауда болған.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы. Қажет болған жағдайда ол қосымша медициналық тексеруден өтеді.