Астанадағы әскери авиациялық база аумағында әскери қызметші жарақат алды. Бұған қару-жарақты ұстау кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу түрткі болғаны айтылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі зардап шегуші бірден елордадағы емдеу мекемелерінің біріне жеткізілгенін нақтылайды.

"Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады". ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар, оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті түрде анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалғаны да белгілі болды.

"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралар жүргізілуде", делінген баспасөз қызметі хабарламасында.

Бұған дейін Астанада тағы бір әскери қызметшінің ыңғайсыз жағдайға тап болғаны хабарланған. Ол әйел зорлады деген күдікке ілінген.