8 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастап барды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызыл және қара уылдырық, мотор майлары, антисептиктер мен велосипедтерге таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған. ЕАЭО елдері өнімнің әрбір түрі бойынша таңбалауды енгізу мерзімі мен тәртібін дербес белгілейді.
Қазақстанда мотор майын таңбалауды енгізу ағымдағы жылдың қыркүйек айында жоспарлануда.
"ЕЭК Кеңесінің шешімімен ЕАЭО Бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарына түзетулер енгізілді. Олар құлпынай антракнозының қоздырғышынан (Colletotrichum acutatum) бос аймақтардан жеткізілетін алма ағаштары (Malus spp.) және алмұрттың (Pyrus spp.) көшеттерінің, тамыр сабақтарының, қалемшелерінің және жемістерінің шығу тегі үшін ерекше жағдайларды белгілеуге қатысты, деп хабарлады үкімет.
Медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін тіркеу және сараптау қағидалары да жаңартылды. Өзгерістер 2024 жылы клиникалық-зертханалық зерттеулер жүргізу ережелерінің жаңа редакциясын қабылдауға байланысты. Олар өнімді тіркеуге және сараптауға кететін уақыт пен еңбек шығындарын азайтады.
"Өнеркәсіптік робототехниканы дамыту үшін жаңа еуразиялық технологиялық платформа құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты – ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік роботтарды әзірлеу және енгізу, сондай-ақ перспективалы коммерциялық технологияларды қалыптастыру саласындағы инновациялық ынтымақтастығын ынталандыру. Платформа аясында робототехниканы дамытудың мемлекетаралық бағдарламасы әзірленеді. Бұл жұмысқа Қазақстаннан Қазақстандық автоматтандыру және робототехника қауымдастығы қатысады, деп қосты ведомство.
Сондай-ақ энергетика, көлік, сыртқы сауда, бәсекелестік және техникалық реттеу салаларындағы мәселелер қаралды.
Қазақстанда аяқ киім, дәрі-дәрмек және басқа да бірқатар тауарларға таңбалау ендіріліп қойған.