Елімізде медициналық колледждерге түсу үшін таңдалған мамандыққа байланысты екі пәннің біреуі бойынша арнайы емтихан енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, арнайы емтихан стоматология мен ортопедиядан басқа барлық медициналық мамандыққа түсушілер үшін міндетті болады (оқу түріне қарамастан – 9 немесе 11 сыныптардың негізінде).
Емтихан бейіндік пәндер бойынша базалық білімді, сондай-ақ талапкердің мотивациялық деңгейін бағалауды қамтиды.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, осылайша, орта медициналық білім алатын мамандарды даярлау сапасына қойылатын талаптарды арттыру көзделіп отыр. Колледждерге түсу кезінде әділеттілік қамтамасыз етіледі.
"Бұл қоғамның медициналық кадрларды даярлау жүйесіне деген сенімін арттырудың алғашқы қадамы", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік өкілдері талапкерлер мен олардың ата-аналарын қабылдаудың жаңа шарттарымен мұқият танысуға және арнайы емтиханға алдын ала дайындалуға шақырады.
Қосымша ақпарат, тапсырма үлгілері, емтихан кестесі және өту ережелері ресми сайттардан, оқу орындарының ақпараттық жүйелерінен алуға болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз