Алматы қаласының полициясы шетелдік ұйымдарға тиесілі көлік құралдарының нөмірлік белгілеріне қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қалалық ПД-ның мәліметінше, шетелдік заңды тұлғалардың пайдалануындағы көлік құралдарының тіркеу деректеріне жүргізілген талдау нәтижесінде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің кейбір жағдайда белгіленген үлгіге сәйкес келмейтіні анықталған.

"Аталған сәйкессіздіктерді жою және тіркеу деректерін белгіленген талаптарға сәйкестендіру мақсатында көрсетілген көлік құралдарының иелерінен (өкілдерінен) арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына (Арнайы ХҚКО) барып, нөмірлік белгілерді ауыстыруды сұраймыз", — делінген хабарламада.

Полиция өкілдері бұл рәсім жұмыс тәртібінде жүзеге асырылатынын және меншік құқығын растайтын, сондай-ақ көлік құралының заңды тұлғаға тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттардан басқа қосымша негіздерді талап етпейтінін атап өтті.

"Осы шараға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бұл көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай стандарттарын сақтау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Қосымша кеңес алу қажет болған жағдайда Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығына хабарласуыңызға болады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз