Қазақ жігітінің өнерінен шабыттанған Австралия азаматы Марк Истон Қазақстанға арнап күй шығарды. Қазір ол блюз бағытында домбырамен өзінің жеке шығармаларын жазып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Марк Истон домбырада ойнауды төрт жыл бұрын меңгерген. Алғашында, әлеуметтік желіден ұлттық аспапқа қатысты деректер іздеп, қызығушылығы арта бастаған. Осылайша, ол домбыра сатып алуды жөн көреді. Әуелде аспапты өз бетінше үйренуге тырысқан. Кейіннен онлайн домбыра үйірмесіне жазылады. Бұл оған жаңа достар табуға көмектескен.
"Өзіме тән стилімді сақтауға тырыстым. Мен бұрын-соңды болмаған, тың дүние жасағым келді. Бойымдағы дарынымнан айырылып қалудан қорықтым. Мен аздап рок жанрында ойнаймын, сондықтан қайтадан өз бетімше оқуға көштім. Қазақстанға бұған дейін бірнеше рет бардым, түрлі адамдармен кездестім. Олардың көп көмегі тиді. Бұл елге барғанды жақсы көремін. Мұнда достық, сыйластық өте жақсы қалыптасқан", — дейді музыкант Марк Истон.
Марк Истон ес білгелі музыкамен шұғылданады. Жасөспірім кезінде джаз жанрына қызыққан. Есейген соң панк-рок стиліне көшкен. Қазір блюз бағытында домбырамен өзінің жеке шығармаларын жазады. "Қазақстан" атты күйі де бар.
"Композитор әрі домбырашы Ғаламат есімді азаматпен таныстым. Оның ұлттық аспапта шебер ойнағанын көріп таңғалдым. Сазды әуеннен шабыттанып музыка жазуға бел будым. Бұл шығарманы сол жігіттің құрметіне атағым келді. Бірақ атауы тым күрделі болып кететінін түсініп жай "Қазақстан" деп қалдыруды құп көрдім. Осы әуенді Австралияда шығарған альбомыма енгіздім. Қазір Spotify-ға салынған әр туынды бүкіл әлемге таралады", — дейді Марк Истон.
Австралиялық азамат шығармашылыққа қатысты жоспары көп екенін айтады. Бүгінде ол "Алматы" атты композициясын аяқтап, клип түсірген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Dmitriy Loskutov (@nomad_lifestyle_)