Бүгін — Астана күні. Соған орай, қалада 100-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған Астана қаласы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы қала қонақтарын қандай тосын сыйлар күтіп тұрғанын баяндады, деп жазады Egemen.kz.
— Астана қаласының әкімдігі Астана күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастыруды жоспарлаған. Бұл шаралардың қатарында мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар қамтылған.
Қалалық Мәдениет басқармасы құрамындағы 14 мекеменің барлық ұжымы мерекеге белсене қатысады.
5–6 шілде күндері Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрда «Армандар орындалады» қойылымының тұсауы кесіледі. Ерекшелігі — қойылымға кәсіби әртістер емес, түрлі жұмысшы мамандық иелері қатысады.
Сондай-ақ қалалық «Перфоманс» фестивалі өтеді. Ол орталық «Jetisu» саябағында шеру түріндегі сахналық костюмдермен басталып, ашық аспан астындағы қойылымдармен жалғасады. Кіру — тегін.
6 шілде күні қаланың шет аймақтарындағы 6 ауданның 15 тұрғын үй алабында күндіз концерт өтеді.
Кешке Astana Arena стадионында Open Air концерті ұйымдастырылады. Онда Қазыбек Құрайыш, «Дос-Мұқасан», Nazima, 2rar сынды танымал орындаушылар өнер көрсетеді.
Дәл сол сәтте «Қазақ Елі» алаңында жастарға арналған Jastar Energy концерті өтеді. Мирас Жүнісов, Artur және Ерлан Қанатұлы сахнаға шығады, — дейді Ақерке Жұмабаева.
Мереке қарсаңында Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналған отбасылық шаралар да ұйымдастырылмақ.
— Астана қаласында «Мерекелік саябақ» жобасы аясында ашық аспан астында түрлі отбасылық іс-шаралар өтеді. Балаларға сурет салу, бейнелеу, отбасы болып қатысатын шығармашылық белсенділіктер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап «Отбасы TIME» жобасы іске қосылған. Демалыс күндері қала саябақтарында мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері өтіп жатыр. Бұл жобалар отбасыларға арналған сапалы әрі мазмұнды демалыс ұсынуды көздейді, — дейді Астана қаласы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы.
Ақерке Жұмабаева астаналық отбасыларды экологиялық шараға да атсалысуға шақырды.
— Астана қаласының тазалығына баса мән беріліп отыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолданылған пластик қақпақтардан 4 метрлік мысық мүсіні жасалады.
Кез келген отбасы өз пластик қақпақтарын әкеліп, осы шараға қатыса алады. Бұл жоба арқылы саналы тұтыну мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсат етілген.
Сонымен қатар, қаладағы халықтың тығыздығы ескеріліп, іс-шаралар бірнеше жерде қатар ұйымдастырылады, — деді ол.