Белгілі продюсер Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлімен келісімшартқа отырып, ресми түрде оның продюсері атанғанын жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Продюсер Жан Мұқанов Instagram желісіндегі парақшасында әнші Төреғали Төреәлімен түскен суретін жариялап, жаңалығын жеткізді. Ол ресми түрде әншінің продюсері атанды.
"Бір кездері мен Төреғалидің продюсері болдым. Сол кезде жап-жас болатын. Стадиондар толтырдық, хиттер жаздық, үлкен сахналарға бірге шықтық. Ол кезде Төреғалиге небәрі 22 жас еді.
Қазір 32-де. Өзі – алты баланың әкесі. Тұңғышы – Каусар есімді ақылды, салмақты, ерекше қыз. Қызынан көп нәрсе үйренді, көп нәрсе өзгерді. Ал менде – бұрынғыдай құрмет, сенім, жылулық қалды.
Екеуміз де өмірден өз үлесімізді алдық. Жеңісте де, қателікте де бірге болдық. Бірақ адамға қайтадан сенуге, тағдырға жаңа мүмкіндік беруге әрқашан болады.
Бүгін біз алғаш рет ресми келісімшартқа қол қойдық. Қатаң. Ақиқатты. Жауапкершілігі бар. Өйткені біз енді бала емеспіз. Енді бәрі – үлкендердің ойыны. Мен енді ресми түрде Төреғалидің продюсерімін", — деп жазды Жан Мұқанов желідегі парақшасында.
Продюсердің айтуынша, бұл – жай ғана атақ емес, үлкен жауапкершілік.
"Мен бұл жауапкершілікті қуана қабылдаймын. Себебі мен бұл жігіттің өнеріне, жүрегіне, болашағына сенемін", — деді ол.
Жан Мұқанов Төреғалиға тіл тигізетіндерге ала жіпті аттамауды ескертті.
"Әр адамға екінші мүмкіндік берілуі керек. Біреуді табалау – оңай. Қолдау – қиын. Бірақ нағыз ерлік – сол. Біз мінсіз емеспіз. Бірақ біз – шыншылмыз", — дейді ол.
Продюсер барлық сенген, қолдаған жанға алғысы шексіз екенін, алда жаңа әндер, жаңа жол, жаңа белестер күтіп тұрғанын айтты.
"Бісміллә деп, жаңаша бастаймыз. Алға, Төре!", — деп сөзін түйіндеді Жан Мұқанов.
Айта кетейік бұған дейін Төреғали Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында "бәрін тоқтатқанын" жазған еді.
Кейін әнші тағы да екіұшты жазба жариялап, оқырмандарын ойландырып қойды.
Ал әншінің әкесі ұлын сахнадан кетпеуге шақырды.