2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астанада тұтынушылар үшін газ бағасы 11 теңгеге өсіп, текше метрі 49 теңге болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана мәслихатының депутаты Қанат Ибраевтың айтуынша, Qazaq Jylu ЖШС-нің тауарлық газды тасымалдау тарифі бойынша өткен қоғамдық тыңдауларда бағаның шамамен 33%-ға өскені айтылды.
"Қазақстан бойынша орта есеппен 33–35% шамасында қымбаттады. Бұл – үш жылға жоспарланған баға өсімінің басы ғана, алдағы уақытта тағы көтеріледі", — деді Қанат Ибраев.
Астана энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов газ тек Qazaq Jylu-да емес, барлық тұтынушы үшін қымбаттағанын атап өтті. Энергетика министрлігінің бұйрығымен газдың көтерме бағасы барлық өңірде бірдей көтерілген.
"1 шілдеден бастап жалпы қымбаттау болды. 49 теңге "Үркер" тұрғын үй алабында ғана емес, сондай-ақ Qazaqgaz Aimaq-та, Оңтүстік-Шығыс, "Көктал" аудандарында да орнады – барлық жерде текше метрі 49 теңге болды", — деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Энергетика министрлігі 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның ішкі нарығында тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағаларын өсірген. Бұрынғы бағалар нарыққа сай емес деп танылған, әрі сол баға сақталса, 2026 жылдан кейін газ тапшылығы туындау қаупі бар еді. Минималды рентабельділікке жету үшін алдағы үш жыл ішінде көтерме бағаны жыл сайын орта есеппен 33%-ға түзету қажет.