Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов бүгін, 2025 жылғы 4 шілдеде өңірге үлкен шығын келтірген дауылдан кейін қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Айта кетейік, 15 маусымнан 2 шілдеге дейін ол еңбек демалысында болған.
"Еңбек демалысынан шыққаннан кейін бірден Ақсуға барып, 19 маусымдағы дауылды желден кейінгі қаланы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексердім. Ақсу дауылды желдің эпицентрінде болып, көптеген нысандар зардап шекті. Өкінішке орай, қала тұрғыны Марина Пахомова қайтыс болды", — деп жазды Асайын Байханов жұма күні Instagram-дағы парақшасында.
Әкімнің айтуынша, марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілген: өтемақы төленіп, екі жылға коммуналдық қызметтерге алдын ала төлем жасалған, сондай-ақ бар несиелерін өтеуге қаржы бөлінген.
"Нысандарды қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыс жасалды, алайда жұмыстардың қарқыны көңіл көншітпейді. Үш күн ішінде барлық құлаған ағаштарды, әсіресе, коммуналдық қызметтердің жұмысына көп шағым түскен Ақсу шағын ауданын тазарту қажет", — деді Байханов.
Өңір басшысы төтенше жағдайдың алғашқы күндерінде халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсудың әкіміне, орынбасарына және аппарат басшысына сөгіс жарияланғанын атап өтті.
"Ақсу әкіміне уәкілетті органдардың екі басшысын қызметінен босатуды немесе төмендетуді тапсырдым. Келесі аптада қайтадан келіп, жұмыстардың ұйымдастырылуын тексеремін және жеке бақылауымда ұстаймын", — деді ол.