Америкалық танымал рэпер және продюсер Шон Комбс Нью-Йорк сотында бірнеше ауыр айып бойынша ақталып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Манхэттендегі федералды сотта өткен тыңдауда алқабилер P.Diddy-дің адам саудасымен айналысты және сексуалдық сипаттағы қылмыстық ұйым құрды деген ауыр айыптар бойынша кінәсіз екенін мәлімдеді. Аталған баптар бойынша ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.

Сонымен қатар рэпер өзінің бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентура мен тағы бір әйелді жезөкшелікке итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Әрбір эпизод бойынша оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қорғаушысы кепіл сұрады

Алқабилер шешімі жарияланған соң P.Diddy-дің қорғаушысы Марк Агнифило соттан клиентін кепілмен босатуды сұрады. Сот үкімі кейінірек жарияланады.

Шон Комбстың былықтары қандай?

Шон Комбс 2024 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте ұсталған болатын. Прокуратура оған бопсалау, адам саудасы және сексуалдық зорлық-зомбылық бойынша бірнеше ауыр айып таққан. Ол өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарып келеді.

Айыптау актісінде музыканттың ерлер мен әйелдерді есірткіге толы кештер мен сексуалдық қатынастарға күштеп қатыстырғаны, қылмыстық топ құрғаны, оның құрамындағылар адамдарды ұрлағаны, өрт қойғаны, пара беріп, тергеуге кедергі келтіргені жазылған.

Сот процесі барысында 34 куәгерден жауап алынған. Олардың арасында рэпердің бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентура да бар.